+7
101302, г. Сатпаев, пр. Независимости 29

Мәдениет үйінің мұражайына саяхат


Главная » Каталог статей » Мероприятия

                          №33 «Күншуақ» бөбекжай балабақшасында КМҚК 2018 жылдың

         12 желтоқсан күні мәдениет үйінің мұражайына ересектер топ тәрбиеленушілері         

                                                                     саяхат жасады.
           Сарыарқаның кіндік тұсындағы кеншілер қаласы Сәтбаевтың ең бір көрнекті тұсы – Қаныш алаңында маңдайын кіре-беріске беріп менмұндалап Мәдениет үйі тұр. Бұрын, 1974 жылы ашылғанда «Байқоңыр кинотеатры» деп аталған ғимарат кейін Шынболат Ділдебаев атындағы мәдениет сарайы деген атау алды. Оның қисыны жоқ емес. Осы өнер ордасына таянғанда көңілімнің алабұртып, жүрегімнің аттай тулайтыны бар. Әйтеуір, ішіне еніп бір аралап шықпайынша көңілім байыз таппайды.
      Желдей зулаған қайран уақыт! Шынболаттың толқын бұйра шашы айрықша көрік берген иманды жүзін көрмегелі, мақпал әзіл-қалжыңдарын тыңдамағалы, «Шындық» атты толғауын өз ауызынан естімегелі аттай 18 жыл өтіпті-ау! 18 жыл бұрын өзінің атымен аталған мәдениет сарайында марқұммен қоштасып еді халқы. Қимас сөздерін арнап еді ғой. Ақындығын айтты, термеші-жыраулығын сөз етті, азаматтығын асырды. Өнерпаздығын, балаларының қамқор әкесі екендігін, жақсы жар екендігін айтты. Сонда «Шындық» сияқты өміршең шығармасы талай жылдар адал ұрпақ тәрбиелеу құралы қызметін атқаратынын ескерді бірқатар сөйлеушілер. Ол айдай шындық еді. Өйткені, өтірік өрге баспайды, жеткіншектерге шындықпен ғана жөн сілтей аласың.
Шынболат – ақын
      Оның ақындығын айту үшін әр өлеңінің басын бір шалып отырудың қажеті жоқ. Барлық шығармасы елге, жерге іңкәрліктен туған. Алайда, авторға әр өлеңі бірдей қымбат болғанымен халық үшін ұзақ уақыт есте қалып, жүрегінің түбінде сақталатындары болады. Шынболаттың сондай тұғырлы туындылары – «Шындық» пен «Тәуелсіздік» толғаулары. Қараңыз, коммунистік партияның қылышынан қан тамып тұрған тұста:
«Ойламаса елінің болашағын,
Қалың елге болады араша кім?
Әкім болып не керек, патша болып,
Таба алмаса халқына қара сабын»,
немесе:
«Амал жоқ осындайда зарланасың,
Өлмеудің қамын істеп қарманасың.
Миллиондап мал өсірген Қазақстан,
Жеп отыр Москвадан қалған асын»,
сондай-ақ,
«Алдымен нуыңды алды, суыңды алды,
Данышпан түгел кетіп, қуың қалды.
Арақ, наша, темекі, ауаң түтін,
Ішпеген енді қандай уың қалды», – деген өлең жолдарын тайсалмай айту екінің бірінің қолынан келмейтін еді. Қаһарман партизан, жазушы Қасым Қайсеновтың: «Шынболат шын мәнінде бұл бейбастақ сойқан заманның бүгінгі Бұқар жырауы» деп бағалауы, міне, осы тұс болатын. «Шындық» сол кезде әр қалада, әр далада, әр шаңырақта шырқалатын сүйікті ән, бағасыз «құндылық» болды. Планетаның қазағы бар жерлерінің бәрі Шынболатты көруге ынтықты, қолын ұстап маңдайларына басуға бейіл болды. Түркиядағы кездесуде түркі әлемінің ардақтылары Халифа Алтай мен Хасен Оралтайдың Шынболат ақынды құшағына алып, қолынан сүйіп қолпаштауы осының дәлеліндей. «Қасиет қонған кісі ғой, Халифа Алтайдың құшағынан босаған кезде қайдан шыққаны өзіме де беймәлім жыр лықсыды-ай, дейсің келіп. Кемі бір сағат тоқтаусыз суырып салып жыр төктім. Түркия мен Германиядан арнайы келген бауырлар «Шындықты», «Тәуелсіздік толғауын» өтініп қайта-қайта айтқызды», – деп еске алып еді бірде ақынның өзі.
Шынболат – айтыскер
      Шынболат айтысқа қылшылдаған қырық жасында келді. Бұл кезде оған дейін облыстың, қаланың, ірі өндіріс құрылымы «Жезқазғантүстіметалл» комбинатының мәдени өміріне етене араласып, өзін шыңдап жүрген өнер иесі керме үзер «жарау аттай» еді. Жезқазған облыстық теледидарында телевизиялық үлгідегі айтыс ұйымдастырылатын болып, идея авторы Жүрсін Ерман сахнаны жатырқамайтын ақындар іздейді. Бірақ, ол кезде суырыпсалмалар табу жарық күнде майшаммен жоқ қарағандай еді. Ақындар жетеді. Бірақ, олар толғатып жазған жырларын әсерлене қолын көкке сермеп әруақтана оқитындар. Бірақ, шаппа-шап айтыскер жоқ. Жүрсін сол өңірге аты мәлім, әрі өндірісті жақсы білетін Шынболат Ділдебаев пен Мәлік Алтыруовқа қолқа салды. Шынболат ойнақы, тапқыр өлеңге үйір болса, Мәлік қиқар өлеңнің өкілі. Қос ақынның: «Жүрсін-ау, мұның қалай, халықтың алдында қақалтып-шашалтып өлтірейін деп пе ең?», –дегендеріне: «Қорықпаңдар, сендер жаттықтырушысыңдар, айтатындар басқалар. Оларға өлең жазып бересіңдер», – дейді.
      «Мұның жөн екен» деп ақындар жобалық тапсырмалар алып жөндеріне аттанады. Берген тапсырманы тап-тұянақтай орындап мерзімінде әкелген Шынболаттың қарсыластар жағының өлеңін байқап көруге аңсары ауады. Бірақ, Мәлік әлі шаруаның мұртын сындырмаған еді. Теледидарға түсіруге бір-ақ апта қалған. Мәкеңнің ісінің оңбайтынын сезген Жүрсін мейманхананың бір бөлмесін алып, тоңазытқышқа азық-түлік толтырып Мәлік Алтыруовты соған «қамап» сыртынан жауып кетеді. «Үш күнге дейін есікті ашпаңдар, өзім келіп шығарып әкетемін» деп мейманхана әкімшілігіне қатаң тапсырады. Сөйтіп, көптен күткен айтыс та өтеді. Бұл кеншілер мен металлургтер арасындағы айтыс бүгінгі аламан айтыстың алғашқы қарлығашы еді.
Одан әрі Мәлік журналистік саласына кетті. Шынболат айтыскерлігін дамыта түсті. Кейін облысаралық айтыстар кезінде облыстың бас ақыны, команда капитаны ретінде Жезқазғанның туын көтеріп шыққан Шынболаттың торғайлық Қонысбаймен, шымкенттік Әселханмен, қостанайлық Әсиямен сөз қақтығыстары әлі көрермен есінде. Сыйластыққа негізделген сөздер, әсем әуендер сол кез айтыстарының бекзаттығын көз алдыңа әкеле береді. Ата-бабадан қалған сөз жауһарын кестелеген сал-серілер ортасында Шынболат та бар еді. Ол телевизиялық айтысты қалыптастырушылар қатарындағы тұлға. Сондықтан да айтыс деген өнерден Шынболат Ділдебаевтің есімін бөліп қарай алмайсың.
Шынболат – асаба
        Өнерліге өріс кең. Шәкеңнің ақындығы, жырау-жыршылығының бәрінің бастауында асабалық тұрған сияқты. Екі тілде сөзден өрнек тоқитын Шынболаттың алғашқы кәсібі де осы жүргізушілік болды. «Комбинаттың, одан қалса өндірісті екі қаланың түрлі шаралары Шынболатсыз өтпейтін, – дейді жезқазғандық жазушы Аппаз Қаражігітов. – Оның көркем тілі кез келген сұрқайы жиындардың өзінің шырайын келтіріп жіберетін. Ал той жүргізуі қандай еді», – деп тамсанады қарт қаламгер. Ол ақсақалдың бүгінгідей «шөп те өлең, шөңге де өлең» заманда көптігінен көз сүрінетін асабаларға іші жыли қоймайтынын білдіргені. Ал Шынболатты берісі сол кездегі астана – Алматыдан, әрісі өзге республикалардан аттай қалап алып кетіп тұрғандары туралы біреу білсе, біреу білмес. Ол сөз қадірін біліп, тойдың өмірлік маңызына мән берген адамның ісі болатын.
Марқұмның досы, ақын-журналист Көбейсін Еңсебаев әзілқой Шынболаттың тамадалығы туралы айтқан бір сөзін еске алып күлдіріп еді: «Жырдан шашу шашайын, келіннің бетін ашайын», – деп өлеңдетіп кеп бетін ашып қалсам, осыдан үш жыл бұрын бетін ашқан қыз болып шықты. Сөйтіп бір келіншектің бетін үш рет ашқаным бар. Ол бай айырбастаудан ұялмайды, мен бетін ашудан қысылмаймын», – депті ақын.
        Асабалық – оны бағзыда өткен шайырлардың жырларымен сусындатты, ақынды рухани байыта түсті, іздендірді, толғандырды. Анадан жұққан сауыққойлық пен өнерпаздық ақынның одан кейінгі өмірінің жолсерігі болғандай. Кейінірек осы асабалықпен қоштасқысы келсе де, көзкөргендер қолқалап қоймады. «Бізге сенен басқа жүргізуші керегі жоқ. Кейінгі асабалар той емес, оны жынойнақ қып жібереді. Тойдың мағынасы болуы керек қой», – деген уәждерін айтып қадалғанда бетін қайтара алмаймын», – дейді ақкөңіл ақын.
Шынболат – термеші
Мұқым қазаққа Шәкең термеші болып танылды. Айтысқа дейін-ақ Майлықожаның, Нартайдың термелері, сонымен қатар, республикаға белгілі болған Шынболаттың өз термелерін де халық сүйсіне тыңдайтын болды. «Дала туралы толғау», «Ұят болды-ау», «Төртінші», «Сөйле тілім, алаңдама, тартынба!» сияқты тыңдарманның құлағының құрышын қандырар шығармалары Ұлытау төңірегін тамсандырып қана қойған жоқ, теледидар, радио арқылы шартарапқа тарады. Сырттағылар Шынболат ақынды көруге ынтық болды. Жезқазған облыстық теледидары мен радиосына Шынболаттың ән-термелерін сұраған, оның отбасылық-тұрмыстық жайын білгісі келген хаттар жүздеп келіп жататын. Бірнеше мәрте арнайы хабарлар да ұйымдастырғанымыз есімізде.
Жырлары айтып тұрғанындай, Шынболат патриот ақын еді. Мәселен:
Сөйле, тілім, алаңдама, тартынба,
Найзағайдай шындықты айтып жарқылда!
Қалай ғана өмір сүрдім дей алам,
Бір ауыз сөз қалмаған соң артымда?!

Шұбарала болып кетті тілдерің,
Айтатұғын келді бүгін күндерің.
Тілің кетсе, күнің қоса кетерін,
Қайран елім, қалай ғана білмедің?

Азаматтар қол бастайтын қаһарман,
Алкогольдің арбауына шаталған,
Бұл заманның Қобыланды мен Қамбары,
Оқ тимей-ақ шығып жатыр қатардан.

Миымызға өрмекші тор құрған ба?
Көр соқыр қып құдай таза ұрған ба?!
Қара көздер кімге ғашық болдыңдар,
Өз батырың, өз арысың тұрғанда!

Мәз болмайық арқамыздан қаққанға,
Мәз болмайық жұлдыз әкеп таққанға,
Кімге керек жал мен жая жегенің,
Бауырларың қылтамақ боп жатқанда.

Асқар тауым, ақыл-ойым, қорғаным,
Есіңді жый, ешкімге жем болмағын.
Есіл ерлер ертеңді де ойлаңдар,
Кімге керек бес күн жақсы болғаның…».
          Мынау ұзақ терменің үзінділері ғана. Шынболаттың шымбайына тиген осындағы аярлық. Қызыл тілді бұлайша безеудің өзіне жүрек керек. Ол үшін елі-жері, туған халқына деген асқан махаббат қажет. Елі-жері демекші, қуыстағы кішкентай ғана ауылы – Төртіншіні қалай әспеттейді. «Қайран, менің Төртіншім-ай, төрт қалаға бергісіз!» деген бір жолдың өзінде ғана қанша іңкәрлік жатыр десеңізші!?
         Термешілігіне байланысты алаштың ардақтысы Шерхан Мұртаза: «Шынболат термелеткенде бал жегендей боласың, өз термелерін құйқылжытқанда ата-баба рухымен табысасың, ол – Ақтамберді, ол – Махамбет. Аман бол, Шарболатым-Шынболатым!» депті. Бұдан артық қандай баға болуы мүмкін?
          Шынболат өнерімен халқының алақанында болды. Әркім Шынболатты өзіне теліп жақын тұтты. Ол өнер адамына деген аса үлкен құрмет еді. Біз осы мақаланы жазу барысында Шәкеңнің бір басына жетер атақтары мен марапаттарын тізбелеп айтпадық. Әдейі. Кез келген тұлғаға бүгін айтылып, ертең ұмытылатын әспеттердің аса қажеті де болмас. Әсіресе, дүниеден өткен адамға. Халқының сүйіспеншілігі мен қошаметі қай марапаттан да биік тұратыны даусыз. Өйткені ол ұмытылмайтын мәртебе.
          Жастық шағының қызығы мен қиындығын бірге бөліскен жан-жары Әлияны арулаған соң, Аралдан тапқан аруы Гүлсараның бүгінде ақын туралы айтары көп. Арманы да таусылмақ емес. Ой түпкіріндегі шаруаның бірі – Шәкең туралы жазылған естеліктер, ақындардың оған арнаған өлеңдерін жинастыру. «Бұлардың өзі бір кітапқа жүк болып отыр. Соларды түгендеп, баспаға тапсырсам деймін. Шынболатты жұрты білуі керек қой», – дейді Гүлсара.
         Ал сүйікті қаласы Сәтбаевтің әкімі еркөңіл азамат Асқар Ыдырысов: «Шынболат Ділдебаев туралы естеліктер қажет. Бүгінгі ұрпақ өткен тарихты, ақиқатты, өмірдің шындығын шырқыратып айтқан Шынболат ағамызды біліп өсуі тиіс», – дейді. Онысы рас. Ал Жезқазған мен Сәтбаев қаласы дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалінің биылғы кезегін Шынболат Ділдебаевтің атымен өткізуді, жас ақындардың республикалық айтысын және жыршы-термешілер байқауын өткізуді ұйғарыпты. Бұл көңілді марқайтатын шаруа екен.
          12.12.2018 жылы  №33 «Күншуақ» бөбекжай балабақшасының  ересектер «Балапан» және «Улыбка»топтарының балалары мұражайға   экскурсияға жасады. Балалар Шынболат Ділдебаев мұражайында ерекше тұлғаның кім екенін түсініп, ол кісінің қолданған құралдары мен өмірімен танысты.

Вход на сайт
Поиск
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0